Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева мәлім етті.
«Білім беру гранты конкурсына құжаттарды қабылдау 15-19 тамыз аралығында Есенов университетінің «виртуалды қабылдауы» арқылы жүреді. Биыл жергілікті бюджет есебінен 175 грант бөлініп отыр. Оның 10-ы магистратураға түсушілерге арналған. Комиссия отырысының шешімімен педагогикаға 40, өнер және кітапхана саласына 25, жалпы медицина саласына 70, қоғамдық денсаулық сақтау саласына 20, ауыл шаруашылық саласына 10 орын берілді. Аталған білім беру гранттарын жоғары оқу орындарында орналастыру үшін конкурс өткізіліп, барлығы 14 оның ішінде 6 ұлттық жоғары оқу орны студенттерді қабылдауға дайын», - деді Клара Құлатаева.
Айта кетейік, онлайн құжат тапсыру үшін http://admission.yu.edu.kz/ сілтемесіне өту қажет. Арнайы комиссия құжаттарды 20-21 тамыз аралығында қарайды.
Сондай-ақ 25 тамызға дейін грант иегерлерінің тізімі Маңғыстау облысы білім басқармасының сайтында, әлеуметтік желілердегі фейсбук, инстаграмм ресми парақшаларында жарияланатын болады. Толық ақпаратты 8 7292 57 12 04 нөміріне хабарласып алуға болады.