Коронавирус инфекциясын жұқтырып, оқшауланған қызметкерлерге еңбекке жарамсыздық парағы бойынша төленетін өтемақының мөлшерін көбейту мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызметкердің ПТР-тест қорытындысы коронавиурс инфекциясын жұқтырғанын анықтаса, ол 14 күнге оқшаулануы керек. Бұл кезде қызметкерге еңбекке уақытша жарамсыздық парағы ашылмаса, жұмысшы бала-шағасын қалай асырайды? Ондайлардың арасында көпбалалы отбасылар да болуы мүмкін ғой?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдеріне осындай сауал қойылды.
«Халықтың әлеуметтік-эпидемиологиялық әл-ауқаты бойынша заңнама талаптары бар екені түсінікті. Бұл заңнама қызметкер инфекция жұқтырса, сырқаттану қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бірақ еңбек қатынастары тұрғысынан бұл талаптар жұмыс берушіні де, қызметкерді де шектемейді. Мысалы, адам карантинде болса да, өз қызметін қашықтан іске асыра алады. Биыл Парламент пен Үкімет ел басшылығының тапсырмасы бойынша қашықтан жұмыс істеуді регламенттейтін жеке заң қабылдады. Сондықтан, тараптар келісіп жатса, оқшауланған қызметкер қашықтан жұмыс істей алады. Ал денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын ашқан болса, жалақы 15 АЕК мөлшерінде шектеледі. Бұдан артық ақша төленбейді. Бірақ бұл мәселе де талқыланып жатыр», - деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол көпбалалы отбасының асыраушысы осындай шектеуге тап келсе, мемлекеттен қандай көмек берілетінін түсіндірді.
«Көп балалы отбасыда туындауы мүмкін әлеуметтік тәуекелге келетін болсақ, мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік төлемдер толық көлемде төленіп отыр. Олар шектеулерге байланысты жоғалтқан табысына қарамастан, көпбалалы отбасы ретінде түрлі көмектер алады», - деген Ақмәди Сарбасов қашықтан жұмыс істеген қызметкердің айлығы қысқартылмайтынын айтты.
«Қызметкер өз үйінде оқшауланса, қашықтан жұмыс істей алады. Сонымен қатар, оның жалақысына ешқандай шектеулер болмайды. Ал еңбекке жарамсыздық парағы ашылса, еңбекқаысының 20 пайызы ғана төленеді. Біз осы мәселе бойынша біз қазір серіктестермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Яғни еңбек стандарттарымыз туралы айтып отырмын. Егер адам ауырып қалса, оған 43 мың теңге мөлшерінде төлем бойынша шектеулер қойылады. Бұл мөлшер қызметкердің орташа табысына сәйкес келмейтіні түсінікті. Сондықтан бұл мәселе біздің сараптамалық топ шеңберінде жұмыс берушілермен бірлесіп, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай шеңберінде оны ұлғайту тұрғысынан қаралуда», - деді вице министр.