Ақтау гарнизонында әскери полицияның ұйымдастыруымен жолдағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Әскерилерге жол ережелері, жол қозғалысы кезінде құқық бұзушылыққа алып келетін әртүрлі себептердің алдын-алу туралы айтылды. Іс-шара барысында олар арнайы айыппұл тұрағына барды. Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы кезінде көрсетілетін бірінші медициналық көмек пен бірінші кезектегі іс-қимылдар тәртібі түсіндірілді.
- Осындай түсіндіру жұмыстарының арқасында Ақтау гарнизоны бойынша жол-көлік оқиғалары мен әскери қызметшілердің құқық бұзушылықтары біршама азайды. Алдағы уақытта мұндай шаралар әлі де жалғасын табады, - деді Ақтау өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының әскери автокөлік полиция бөлімінің бастығы майор Берік Қоянбаев.
Әскери қызметшілерге ұқыпты болудың, жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың қаншалықты маңызды екені айтылды.
Айта кетейік, осындай іс-шаралар әскери қызметшілер арасында жол-көлік тәртібін арттыруға және жол көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған.