Өңірде жыл басынан бері қантқа – 22,7%, картопқа – 30%, пиязға – 18,7%, сәбізге – 24%, қырыққабатқа – 13,4%, күнбағыс майына – 12,4% баға өсімі байқалады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Әли Сәрсенов айтты.
«Тауар бағасының өсуі маусымдық сипатқа ие және өндірушілердің сату бағасы көтерілуіне байланысты болып отыр. Жалпы республика көлемінде баға өсімі байқалады. Баға өсімінің негізгі себептері: импорт үлесінің 50%-дан жоғары болуы, сауда инфрақұрылымының төмен дамуы, заманауи көтерме тарату орталықтарының және коммуналдық базарлардың болмауы, бағаның қалыптасуына тікелей байланысты нарықта делдалдардың көп болуы, нарықтың олигаполиялық сипаты және бәсекелестіктің болмауы, азық-түлік өндірісінің жергілікті үлесінің төмен болуы. Дегенмен өңірде 2 аптаның ішінде көкөністердің бағасы қалыпқа түседі», деді Әли Сәрсенов.