Бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой эпидемиологиялық ахуалдың жаңартылған болжамын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік эпидемиологиялық ахуалды және вакцинациямен қамтуды ескере отырп, эпидемиологиялық ахуал болжамын жаңартты. Атап айтқанда, вакцинация тиімділігі 60 пайыздан төмен болған кездегі пессимистік сценарий барысында 2021 жылдың маусым-қыркүйек айларында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 95 адамды құрайды. Ал вакцинация тиімділігі кемінде 80 пайыз болғандағы екінші релалистік сценарий бойынша 2021 жылдың маусым-қыркүйектегі тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 69 мың адам болады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, вакцина тиімділігі кемінде 95 пайыз болған кездегі оптимистік сценарий барысында 2021 жылдың маусым-қыркүйегіндегі тіркелген жағдай шамамен 61 мың адамға жетеді.
«Бұл ретте жоғарыдағы үш сценарийдің бірінің жүзеге асырылуы вакцинация мәселесіндегі азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар вакцинациямен қамтуды арттыру бойынша іс-шаралар қабылдауы және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі мақсатқа сай болап деп есептейміз», - деді Алексей Цой.