Бүгін облыстық мәслихат депутаттары өңірдің бас санитар дәрігері Ғ.Надуевпен және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Мамаевамен кездесті.
Облыс депутаттары көршілес облыстардың қызыл аймаққа енуі салдарынан туындаған ата-аналардың наразылығын жеткізіп, оқушылардың денсаулығына алаңдаулы екенін айтты. Сонымен қатар ата-аналардың уәжін шешуге қандай шара қолға алу керек екенін ортаға салды.
Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ғ.Надуев облыс көлеміндегі істеліп жатқан жұмыстарға тоқталып, індет жұқтыру санының күн сайын артып отырғанын жеткізді. Алайда өңір әзірге жасыл аймақта болғандықтан шектеу қойылмайтынын жеткізді.
Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасының орынбасары Г.Мамаева:
«Маңғыстау облыстық білім басқармасының 2021 жылғы 30 наурыздағы №29-нқ бұйрығына сәйкес, төртінші тоқсандағы оқу процесі барлық мектептерде аралас форматта балалар санын 25 адамнан асырмай (70% оффлайн, 30% онлайн) оқытуға көшті. Әр мектепте оқыту кезеңдерінің сыныптар санын және онлайн оқытылатын пәндер тізімі бар. Оқу жылының аяғына дейін мектеп формасы талап етілмейді. Балалардың денсаулығына қатысты немесе індет жұқтырғандармен қатынаста болған балалар ғана ZOOM бағдарламасы арқылы тікелей байланыс орнатып онлайн оқуға мүмкіндігі бар. Мектептерде санитарлық талаптарды сақтау үшін балалардың оқу уақыттарын да реттедік. Қызыл, жасыл, сары аймақ болғанда оқу үрдісі қалай жүргізілу керектігі жөнінде қаулы бар. Біз балаларды ата-ананың қалауымен онлайн оқытуға негіз жоқ. Мұғалімдерге қосымша онлайн оқытуға ақы да төленбейді» - деді.
«Індетпен күресудің басты жолы – вакцинация. Сондықтан 60-70 пайыз тұрғын вакцина алу керек. Сонда ғана індетті ауыздықтауға қауқарлымыз. Облыстағы барлық аудандарға вакцина жеткізілді. Бірақ, вакцинациялау жұмыстары баяу жүріп жатыр», - деді Ғ.Надуев.
Облыстық бас санитар дәрігердің айтуынша, облысқа әуе рейстерімен аптасына 12 мыңнан астам жолаушы келеді. Әуе рейсімен келетін жолаушы алдымен ПЦР тест тапсырған жөн. Олардың наразылығын тудырмау үшін тиімді жолы қарастырылып жатыр.
Ал депутаттар халықты сақтау үшін вакцина алу қажет. Сондықтан қарапайым халыққа ашық хабар жеткізіліп, ол туралы күнделікті ақпарат берілу керек.
Вакцинаны қай жерден, кімдер салдыра алатыны жөнінде нақты хабарлама беруді тапсырды. Облысқа шетелден келіп жатқан тұрғындарды бақылауға алып, сақтық шаралары қатаң сақталуы керектігін тапсырды.
Ал балаларға онлайн да, офлайн да оқуға жағдай жасау жөнінде ұсыныс айтылды. Білім басқармасына мектептердегі санитарлық талаптарды күшейтуін тапсырды.
Гүлнара Тасболатова