Қаламқас кен-орнындағы мұнайды кешенді дайындау және өткізу цехында жаңа асхана ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл Амал мерекесі мен Наурыз мейрамы қарсаңында ашылған 75 орындық асхана. Мұнда ас-тағам әзірлеуге арналған цех пен қажетті жабдық түрі қамтылған.
«Өңірдің ғана емес, бүтін бір елдің ырысына айналған байлықтың көзін ашып, өндірістің өрісін кеңейткен мұнайшылардың отбасыларына мол бақыт, игіліктер тілеймін. Мереке құтты болсын. Бар жақсыны тілеймін», - деді Жұмагүл Әділова.
«Осы уақытқа дейін таңғы және кешкі ас үшін вахталық поселокқа барып жүрдік. Ал, түскі асты жұмыс басына алып келетін. Енді біз цех жанында ашылған жаңа да жайлы асханада тамақтанатын болдық. Мұндағы ас-тағамдар өте дәмді. Әз-Наурызда жаңа сый жасаған Басқарма басшылығына мұнайшылар атынан алғыс айтамын»,- деді «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқарма басшысының бірінші орынбасары Мақсат Нұрғабылов.
Бүгінде Қаламқас кенорнында вахталық әдіспен 1 800-ден астам қызметкер еңбек етеді. Мұнай өндіру көлемі тәулік бойынша 9 600 тоннаны құрайды. Өндіріс процесі оңтайланып жұмыс пен тұрмыс жағдайы жақсарған. Наурыз мейрамы мен қатар мұнайшылар мерекесіне орай «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы әлеуметтік нысандар қатарын тағы да еселеп отыр, делінген МО ҚКО таратқан ақпаратта.