Қымбатты маңғыстаулықтар!
Көгорайлы көктем шуағымен орайлас келетін 1 наурыз – Алғыс айту күнімен баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде бұл айтулы мереке адам жанына ізгілік пен мейірім нұрын шашып, бір-бірімізге деген ыстық ықылас пен сыйластық пейілімізді, адамгершілік қасиетімізді аңғарта түседі.
Тарихтың алмағайып дәуірінде кең байтақ қазақ даласына күшпен қоныс аударылған өзге ұлттың өкілдері сол бір әбден қиналған шақта таршылық көрсетпей, аяушылық, қамқорлық жасаған қазақ халқына шынайы алғысын жаудырады. Егемен елімізді мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігі мен ынтымағын ұйыстырып отырған қазақстандық жарасым көпшілікке үлгі болып келеді. Өз басынан да талай тағдырлы тарихты өткізген қабырғалы халқымыз басқа іс түскен жағдайдағы төзімділік пен қайырымдылықтың бағасын жақсы біледі.
Бүгінде әлемді әлекке салып, адамзат баласының басына зор қауіп-қатер үйірген пандемия дерті өршіген қилы кезеңде алғы шепте болған дәрігерлер қауымына шексіз алғыс айтып жатсақ, өте орынды болмақ. Өмірдің мәні – жақсылық жасау! Жасампаздық жарқын істеріміз де, мұқтаж жанға көрсетер жәрдеміміз де, иман мен сауап, ізгі мұратқа жетелер алғысымыз да мол болсын!
Барша әлеуметке шын жүректен алғыс айтамын.
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов