Жаңатаста көп қабатты үйдегі өрттен бес бала қаза болды. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудандағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатында өрт болып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды (киімдер мен жиһаз отқа оранды).
Пәтер ішінде ата-ананың қарауынсыз кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 ж.т. бес бала қалып қойған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, үйдің отағасы жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда араға біраз уақыт салып, көз жұмған.
Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен комиссия оқиға орнына аттанды. Комиссия құрамына прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енген.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетіледі. Психолог мамандар жұмылдырылып, жерлеу шараларын ұйымдастыруға жәрдем берілмек.
Жаңатасқа Жамбыл облыстық ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары шықты.
Бұдан бөлек, Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды.
Оқыс оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері 1 дана техника жұмыс атқарды. Өрт толығымен ауыздықталды.
Өртенген заттардағы газдардың толық жанбауынан улы газ түзіліп, улану жағдайларына әкеп соғады!