Облыс әкімінің төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде Сервистік әкімдіктер мен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары қызметтерінің жұмыс барысы, Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша халықаралық ұйымдардың жүргізген әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелері қаралды.
Мемлекет Басшысы өткен жылдың 6 қазанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау үшін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткен жылы өңірде бірқатар нақты шаралар атқарылды. Атап айтсақ:
Ақтау қаласында «Гео-портал» ақпараттық жүйесі қосылды. Алдағы мақсат – гео-парталдың ауқымын кеңейтіп, облыс деңгейінде құру. Облыс әкімдігі жанында және қалалар мен аудандарда ашылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері өз жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Сонымен қатар, қалалар мен аудандарда сервистік әкімдіктер, ауылдық елді мекендерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылды.
«Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы іске асырылды. Бұл бюджет қаражатының ашықтығын және оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.
Бұдан бөлек, бюджет қаражатын жымқырудың алдын алу мақсатында 2020 жылғы 13 шілдеде облыс әкімдігі мен Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаменті арасында өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасақталды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде былтыр сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жауапкершілікке тартылғандар саны 2019 жылмен салыстырғанда 53%-ға, әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 67%-ға төмендеген.