Бүгін Ақтауға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Төрағасы, Бас Муфти Наурызбай қажы Тағанұлы іссапармен келіп, бірқатар игі шараларға қатысты. Бас Муфти Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің қызметкерлеріне арналған қызметтік пәтердің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Наурызбай қажы Тағанұлы "Мирас" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтердің кілтін Ақтау қалалық мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиевке тапсырды.
-Үйлі болу – адам өміріндегі үлкен қуанышты оқиғаның бірі. Адам баласы бала-шағасымен қауышып, өз үйінде жүрегі тыныштық табады. Қонақ шақырып, батасын алады. Біз қоғамның бірлігі мен игілігі үшін барын салып, қызмет етіп жүрген имамдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдауға жіті назар аударып отырмыз. Игі ниетімізге үлес қосып жатқан барша жомарт азаматтарға Алла разы болсын айтамын,- деді ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас Муфти Наурызбай Тағанұлы.
Соңғы жылдары тұрғын үй салумен танымал болған “Zelmar Stroy” ЖШС-і екі бөлмелі пәтерді Ақтау мешітінің меншігіне қызметтік пәтер ретінде берді. Зәулім де көрікті үйде енді дін жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген қалалық мешіттің қызметкері тұратын болады.