Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Марат Қани «YouTube» платформасында жеке канал ашып, сабақ өткізеді. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Марат Қанидің көрермендер саны 5 000 асқан. Басым бөлігі мұғалімдер мен оқушылар. Ол елде карантинге байланысты бейнесабақтарын жүктеп, әр оқушының сабақ орындау тәртібіне мән береді.
«Республиканың әр түкпіріндегі әріптестерімнің де керегіне жарап жатқаныма қуанамын. Күн сайын олар канал арқылы ізгі тілектерін жолдайды. Бастысы қазақша контенттің артуына тамшыдай болса да үлес қосып жатырмын деп ойлаймын», деді Марат Қани.
Жас ұстаз биылғы оқу жылындағы ІV тоқсанды қоса алғанда барлығы 150-ге жуық сабақ дайындаған.