Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов «Халлибуртон Интернэшнл ГмбХ» компаниясының Еуропа, Еуразия және Африка өңірлері бойынша аға президенті Ахмед Кенави бастаған топ мүшелерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында топ жетекшісі Ахмед Кенави Маңғыстау облысында компанияның қызметін жандандыру бойынша инвестициялық ұсыныстарын білдіріп, ынтымақтастық жасауға даяр екендерін жеткізді.
Қазіргі таңда компания Маңғыстау облысында мұнай-газ саласы кәсіпорындарына техникалық қызмет көрсету бойынша «Өндірістік - қойма және әкімшілік кешен құрылысы» жобасын іске асыруда. Инвестициялық жобасының жалпы сомасы шамамен 8 млрд теңгені құрайды. 200-ге жуық жұмыс орны ашылады. Іске қосу 2021 жылдың соңына дейін деп жоспарланып отыр.
Облыс әкімі С.Трұмов өңірге инвестиция әкелетін кәсіпкерлерге өз құзыреті шегінде қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.