Ақтауға Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ өкілдері келді. Атап айтқанда дәрігер-кардиохирург Бауыржан Тұяқбаев және балалар кардиологы Әсия Ахмолдаева алдымен Бейнеу ауданы, содан соң Жаңаөзен қаласы, ал бүгін Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қабылдау жүргізді.
Қазақстанда жылына 2000-нан астам бала туа біткен жүрек ақауымен өмірге келеді. Соның ішінде статистика бойынша 1000-нан астамына ота жасалады. Ал Маңғыстау өңірі бойынша туа біткен жүрек ақауымен туатын балалар саны аз емес. Жылына республикалық орталықта 65-70 балаға ота жасалады.
Бүгінде Маңғыстауда 585 бала туа біткен жүрек ақауы диагнозымен есепте тұр. Өткен жылмен салыстырғанда жүрек ақауы бар балалар саны биыл 12%-ға өскен. Айта кету керек, кардиохирург мамандары өткен жылы Маңғыстау өңіріне екі рет келген. 2020 жылы республикалық орталықтарда 120 балаға ота жасалған, оның 28-і шұғыл түрде санитарлық авиацияның көмегіне жүгінуге тура келген.
«Кімге ота жасалуы керек, соған жолдама береміз және операция күнін алдын ала белгілейміз. Ем-дом тегін жүргізіледі, яғни квота арқылы порталмен жүзеге асырылады. Бүгінде Маңғыстау өңірінде туа біткен жүрек ақаулары бар балалар көп. Біздің мақсатымыз осындай балаларға уақытылы ота жасап, болашақта қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау», - дейді «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ дәрігер-кардиохирургі Бауыржан Тұяқбаев.
Алғашқы күні Бейнеу ауданында болған дәрігерлер 174 баланы қарап шығып, 12 балаға ота жасалуы тиіс екендігі белгілі болды. Жаңаөзен қаласында қаралған балалар саны 173. Олардың ішінде он балаға шұғыл түрде ота жасалуы тиіс деген қорытынды жасалды, оның екеуін шұғыл түрде санитарлық авиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жіберу көзделіп отыр. Қалғандары жоспарлы түрде жүзеге асырылады.
«Мемлекет тарапынан емделуге толық мүмкіндік бар. Ең бастысы уақытында дәрігерге қаралу маңызды, әсіресе баланың салқындап қалуына жол бермеу, витаминдерін уақытында беріп тұру, сонымен қатар депрессияда жүрген анадан эмоция балаға сүт арқылы берілетінін ескертеміз», - дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс балалар кардиологы Замира Алпысбаева.
Дәрігерлер балада туа біткен ақау белгілері болса отаны дер кезінде жасатуға кеңес береді. Ал осындай диагнозбен өмірге келетін сәбилердің көбейіп кетуіне бірнеше себеп бар. Олардың қатарына экологиялық ахуал, жүктіліктің алғашқы айында инфекция жұқтыру, тұқым қуалау және т.б. Баласының жүрегінде ақау барын аналар білмеуі де мүмкін. Егер де бала әлсіз, тершеңдік, шаршайтынын байқаса, тамақтан бас тартса, салмақ қоспаса, денесі көгерсе міндетті түрде дәрігерге жүгінген абзал.
Ал балалар ауруханасында қабылдау жүргізген елордалық дәрігерлер алдағы уақытта 50-ден астам балаға республикалық орталыққа қаралуға кеңес берді. Басым бөлігіне ота жасалмақшы.