© Көрнекі сурет
Биыл Маңғыстау облысында 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. Ақтау қаласындағы 34 шағын аудан мен «Шығыс-1» шағын аудандарында 1200 орындықты құрайтын 2 мектеп алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 5 800 орындық 6 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде. Атап айтқанда:
- Ақтау қаласының 18, 19А, 31А жаңа шағын аудандарынан әрқайсысы 1 200 орындық 3 мектептің құрылысы;
- Ақтау қаласының 32 а шағын ауданындағы мектеп жанынан 400 орындық қосымша құрылыс;
- Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылынан 1 800 орындық 2 мектептің құрылысы басталады (600 және 1200 орындық).
«Атап айтатыны, салынатын мектептің төртеуі өңірде бұрын-соңды болмаған заманауи білім ордалары болады. Озық үлгідегі құралдармен және инновациялық технологиялармен жабдықталады»,-деді халықпен онлайн кездескен облыс әкімі С.Трұмов.
Сонымен қатар 2021 жылы облыста 1 730 орындық 19 балабақша ашылады деп жоспарланып отыр.