Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов облыс тұрғындары алдындағы қорытынды есеп беру кездесуінде айтты.
Құрылыс жұмыстары саласының көлемі 2019 жылдың деңгейіне қарағанда 112,2% өсімді құрап, 206 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданы 1192,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсу қарқыны 101,5% жетті.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй» бағыты бойынша 2020 жылы жалпы ауданы 23,5 мың шаршы метр 419 пәтер пайдалануға беріліп, оның ішінде 215 пәтер көпбалалы отбасыларға берілді.
«7-20-25» бағдарламасы шеңберінде елімізде 4 ірі қала, оның ішінде Ақтау қаласы үшін 25 млн теңге көлемінде несиенің ең жоғары мөлшері бекітілді. Қазір Ақтау қаласының аумағында 96 жер учаскесінде 12 мыңнан астам пәтерге арналған шамамен ауданы 960 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Олардың басым бөлігі «7-20-25» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
2020 жылы екінші деңгейдегі банктерге 19,7 млрд теңгені құрайтын 1 947 өтінім түсті. Оның ішінде 8,4 млрд теңге болатын 826 өтінімге несие берілді.
2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 162 өтінім мақұлданды. Оның ішінде 161 отбасы 1,8 млрд теңге көлемінде несие алып, қоныс тойын тойлады. Жалпы сомасы 126,6 млн теңгеге 133 тұрғын үй сертификаты берілді.