Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО Санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
Оның айтуынша, сайлау кезінде дауыс беретін облыс тұрғындары сайлау учаскесінде ұзақ уақыт болмайтындықтан ПТР анализін тапсыруға міндеттелмейді. Ал, сайлау учаскесінде ұзақ уақыт жұмыс істейтін комиссия мүшелері мен сенімді өкілдері және бақылаушылар ПТР анализін тапсырып, теріс нәтиже бергендер ғана жұмысқа жіберіледі.
«Халықтан сұранатынымыз сайлау учаскелеріне келген кезде бетперде тәртібін сақтау керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтап, антисептиктерді пайдалану қажет. Сайлау комиссиясының мүшелері осы жағдайды бақылап, белгіленген талап бойынша қамтамасыз ететін болады», - деді Ғазиз Надуев.
Ал, Маңғыстау облысы сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәліметінше, әр сайлау учаскесі санитарлық талапқа сай жабдықталған.
«Біз алдын ала өңірдегі барлық аудан, қаланы аралап, учаскелердің сайлауға дайындығын тексердік. Аталған жұмыстар санитарлық талаптың барлығына сәйкес болып отыр. Әр учаскеде дене қызуын өлшейтін құралдар, медициналық маскалар, антисептик пен бір реттік қаламсаптар бар», - деді Асқар Рзаханов.
Сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, сайлау учаскелердің барлық мүшесі, байқаушылар мен сенімді өкілдер ПТР тестілеуден өтеді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың жіті бақылауында.
Сайлау учаскелері демалыс, мереке күндері үзіліссіз қызмет атқарады. Ал сайлау күні 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Сайлаушыға 3 бюллетень беріледі. Оның біріншісінде – мәжіліске дауыс берсе, екіншісінде – облыстық мәслихатқа, үшіншісінде – қалалық (аудандық) мәслихатқа дауыс бере алады», - деді Асқар Рзаханов.