Қала аумағында сатуға тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын заңсыз жүргізген «Тастемір ЛТД» ЖШС үлескерлерінің қаражаттары қазіргі таңда кері қайтарылуда. Осыған дейін, «Тастемір ЛТД» серіктестігі 20 шағынауданда орналасқан «Гауһар тас» тұрғын-үй кешенін салатынын жарнамалап, 500-ге жуық үлескерден қаражат жинаған болатын. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда аталған мәселеге облыс әкімі Серікбай Трұмовтың тапсырмасымен қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай араласып, үлескерлермен кездесу өткізілді. Оларға бірнеше ұсыныс беріліп, нәтижесінде олардың қалауымен «К7 групп» мекемесімен келісім жасалды. «Гауһар тас» тұрғын-үй кешенінің құрылысын әрі қарай жалғастырады.
Қазіргі кезде үйден бас тартқан 6 салымшыға 500 мың теңгеден қайтарылды.
«Гауһар-тастан» үй алу үшін 2019 жылы 4,5 млн.тг ақша салдым. Бағасы арзан, тиімді болып көрінді. 6 айдың ішінде бітеді деп айтқан болатын. Сендік. Бармақ тістедік. Ақшаны ала алмай, біраз қиналдық. Біздің жағдайымызға өзіміз кінәліміз. Енді міне, әкімдіктің араласуымен «К7 групп» мекемесі қолға алды. Қуаныштымын. Облыс басшыларына рахметімді айтамын. 500 мың теңгені алдым», - дейді үлескер Азиза Аманқосова.
Ал, салымшының бірі Дастан Ордабаев 7 млн.нан астам қаражат салған. Қазіргі таңда ол ақшасын кері қайтармай, мекемеден үй алуға бекінген. Жаңа жылға дейін мәселенің бей-жай қалмағына қуанады.
«Әкімдік пен «К7 групп» мекемесі үй алатындарға үй, ақша алатындарға қаражатын қайтармақ. Бізді естіді. Жан айқайымыз далада қалмады. Біздің кебімізді кимеңіздер. Ақпаратты тексеріп барып, үй алуларыңызға кеңес беремін», - дейді Дастан Ордабаев.
Қазіргі кезде «Тастемир ЛТД» серіктестігінің иесі ірі көлемде алаяқтық жасады деп күдіктелуде. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жалпы, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен осындай нысандарға қатысты мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен қала аумағында тұрғын үй құрылысын салып жатырған мекемелер тарапынан, құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерде орналасқан пәтерлерді сату барысында, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы талаптарының сақталуына да тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
«Жүргізілген мониторинг барысында белгілі болған, заң бұзушылықтар бойынша, Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасымен 2020 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 320 бабының 1 бөлігімен жалпы саны 24 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, шара алынды. Тұрғындардан аталған жарнамаларға алданып қалмауын, қаражат салмауын сұраймыз. Ақтау қаласы аумағында бүгінгі күні құрылыс мекемелерінің жеке қаражаты есебінен жалпы саны 61 көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде», - деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы.