Тәуелсіздік мерекесіне орай, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Жазушылар Одағының Маңғыстау облысындағы мүшелерінің қатысуымен «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қоғам» атты дөңгелек үстелін өткізді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дөңгелек үстелге Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет және оның орынбасарлары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов және Маңғыстау облысындағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері қатысты.
Өткен жылы тұңғыш рет облыстағы Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің басын қосып, кездесу ұйымдастырылған. Сол жиында руханият саласында атқарылатын шаралар мен қоғамдағы мәселелер жөнінде кеңесіп тұруға шешім қабылданған болатын. Бұл шара биыл да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ақын-жазушылар бас қосты. Аймақ басшысы жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қаламгерлердің ұсыныс-пікірін тыңдады. Серікбай Трұмов: «Біздің бүгін Әбіш Кекілбайұлы атындағы музейдің залында жүздесіп отырғанымыз да тегін емес деп ойлаймын. Былтыр ғана ашылған бұл орталықта мұндай ауқымды шара тұңғыш рет өткізіліп отыр. Осы орталықтың жанынан Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының жаңа ғимараты тұрғызылды. Қазіргі таңда заман талабына сай құрал-жабдықтармен жасақталуда. Келер жылы ашылу салтанатын өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, алдағы жылы осы орталық маңынан Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының да жаңа ғимараты салу жоспарымызда бар.
Бірі – ұлттық әдебиетіміздің әлемге олжа салған көрнекті өкілі, алаштың абызы, бірі – ауыз әдебиетіміздің әр тамшы жауһарын тірнектеп жүріп жинап, сом алтынға айналдырған жанкешті ғалым, бірі – қазақ киносы мен сахнасының әлемдік деңгейдегі жарық жұлдызы – актер, режиссер. Бұл мәдени ордалардың бір жерде орналасуы жәй сәйкестік емес, табиғи заңдылық, рухани жарасым! Қаламыздың руханият салтанатын асқақтатып, мәдени сипатын айшықтап тұрған бұл орталық халықты біріктіретін, келелі жиындар өтетін киелі ордаға айналады деп сенемін» деп өз тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, жиынға арнайы елген Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет ақын-жазушыларды біріктіріп отырған облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, маңғыстаулық ақын-жазушылар - Айнахан Есетке, Әнуарбек Бимағамбетке, Асылбек Жаңбырбайға «Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі» куәлігін табыстады.