Кеше тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақтау қаласындағы Достық үйінде Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, республикалық жыр сайыстарының жеңімпазы, ақын Әнуар Бимағамбетттің «Сәру-Күннің сәулесі» шығармашылық кеші өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кешке мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Есенғали Раушановтар қонақ ретінде қатысты.
Кеште көрермендер ақынның туындыларымен танысты. Сонымен қатар, өлкеміздің жас ақындары өз туындыларын оқыды.
Кеш соңында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов бүгін Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының қолынан «Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі» куәлігін алған ақынды құттықтап, шығармашылығына табыстар тіледі.
Сонымен қатар, ақынның ұстаз ағалары ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сабыр Адай және «Құрмет» орденінің иегері, ақын Светқали Нұржан өз тілектерін арнады.