Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде 6 жаңа спорттық ашық алаң қолданысқа берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Салтанатты шараға Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мен Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері маңғыстаулық Әділбек Ниязымбетов қатысып, алаңның лентасын қиды. Сондай-ақ, Нұрдәулет Игілікұлы футбол добына автограф жазып, білім ордасына естелікке қалдырды.
Жалпы ауданы 4880 шаршы метрді құрайтын жобада 2 футбол, 2 теннис, және бір-бірден волейбол мен баскетбол алаңы жасақталған. Университет ректорының айтуынша, ашық алаң 6 ай уақыт ішінде салынған.
Бүгін тұңғыш Президент күніне орай университетімізде жаңа алаңдар ашылып жатыр. Елбасымыздың ең басты дені сау, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудағы ой-пікірлерін жақсы білесіздер. Ал университетімізде спорт мамандығы бойынша мыңға жуық студент білім алады. Сол себепті студенттеріміздің тәжірибесін арттыру үшін осындай мүмкіндік жасап отырмыз, - дейді Ш.Есенов атындағы университет ректоры Берік Ахметов.
Сондай-ақ, білім ордасының басшысы Берік Ахметов алдағы уақытта мұз айдыны мен стадион салу жоспарланып отқанын айтты.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН