Әлемдік пандемия кім-кімге де оңай соқпағаны анық. Облысымыздың дзюдошылары карантинде қалай жаттыққаны және қалыпқа келуі жөнінде дзюдодан Маңғыстау обылыстық жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Бурбасовпен жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз.
Карантин кезінде дзюдошылар қалай жаттығу жасады?
Карантин кезінде спортшылармен тығыз байланыста болдық. Өздерін барынша формада сақтау үшін үйде, ашық аспан астында жасайтын жаттығулармен бөлісіп, жоспар құрып, сол бойынша арнайы тапсырма бердік.
Эпидемиологиялық ахуал спортшыларға қалай әсер етті?
Карантин уақытында спортшыларымыз салмақ қосып үлгерді. Біздің балалар спортпен кәсіби түрде айналысатындықтан, күнделікті қатаң тәртіптегі жаттығуды қажет етеді. Режимге үйренген организм шектеліп қалса түрлі өзгеріс болатыны белгілі. Жалпы айтқанда, кәсіби спортты шектеу қиын болды.
Карантиннен кейін балуандарды қалыпқа келтіру процесі қалай жүріп жатыр?
Облыста эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастаған сәттен теңіз жағалауында оқу жаттығу-жиынын өткізіп, балуандарымызды қалыпқа келтіру бағытында жұмыс істедік. Қазір санитарлық нормаларды сақтап, залдағы жаттығуымызды да қайта қалыптастырып жатырмыз. Ұлттық құрамадағы дзюдошыларымыз оқу жаттығу-жиынына қатысып жатыр.
Әлемдік дзюдо федерациясы үлкен жарыстарды бастады. Біздің облыстық құрама қазір қандай дайындық жүргізіп жатыр?
Нұр-Сұлтан қаласында желтоқсан айында ерлер мен әйелдер арасында ҚР чемпионаты өтеді деп жоспарланып отыр. Алдымызда тұрған басты мақсат сол – ел чемпионаты. Соған байланысты жаттығуды күшейттік. Ол біріншілікке облысымыздан 60 кг салмақта Бауыржан Нарбаев, 66 кг салмақта Сұңғат Жұбатқан мен Бауыржан Сағынғалиұлы, 81 кг салмақта былтырғы ел чемпионы Руслан Мусаев және 73 кг салмақтан да балуандарымыз қатысады деп отырмыз. Өзіңізге белгілі, өткен жылғы ҚР чемпионатында Маңғыстау құрамасы бұрын болмаған өте жақсы нәтиже көрсетіп, ІІ орын алған еді. Биыл одан да жақсы нәтиже көрсету үшін күш салып жатырмыз.
Облыстық құрамада қандай өзгерістер болады?
Әлем чемпионатының жүлдегері Әділ Марлен мен Айбар Сайфенов деген дзюдошыларымыз биыл ересектер құрамасына ауысады. Ол да бір үлкен өмірге жасалатын қадам. Сондықтан, бәйгеге қосатын балуандарымыздың шымырлығын жіті қадағалап отырамыз. Айта кетсек, 15-29 қарашада Алматы қаласында аға бапкер Айбек Имашев жастар ұлттық құрамасының оқу жаттығу-жиынын өткізеді. Оған алдыңғы шептегі он шақты балуан барады.
Өзіңіз жетекшілік ететін құрамадағы қыздардың бәсекелестікке қабілеттілігі жайында не айтасыз?
Маңғыстау облысынан ұлттық құрамада Анна Казюлина мен Ақниет Тұрданның орнын басып келе жатқан жастар арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Маржан Каналиева және Мадина Тенелбаева, Райгүл Қалдыбаева деген қыздар бар. Алайда, жасыратыны жоқ, тек Маңғыстау құрамасы емес ұлттық құраманың өзінде қыздардың деңгейі көңіл көншітпейді. Десе де, жастарға сенім артамыз. Әлі де Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қыздары шығады деген ойдамыз.
Маңғыстау дзюдосына не жетпейді?
Қазіргі таңда облыста барлық жағдай бар. Облыстық спорт басқармасы мен МО дзюдо федерациясы қолдап, осындай залда жастардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр. Бапкерлер мен балалар жұмылған жұдырықтай бірігіп жұмыс істесек біраз нәтижеге қол жеткізетініміз анық. Бұрынғымен салыстырғанда облыстық құраманың деңгейі өте жақсы деп бағалаймын. Бүгінге дейін жеткен жетістігіміз бірігіп жұмыс істеу мен қолдаудың арқасында деп ойлаймын. Осы қарқынмен алға жылжысақ бағынбайтын белес, алынбайтын қамал болмас.
Спортшыларға тәртіп (дисциплина) не үшін керек? Қатаң қадағалау дзюдоға не береді?
Тәртіп жоқ жерде нәтиже де болмайды. Тек дзюдода емес, барлық спортта ол бірінші орында. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Б.Момышұлы атамыз бекер айтпаған ғой, елдің даңқын асқақтатып жүрген спортшылардың мерейі сол тәртіптің арқасында өсіп жатыр.
Сұхбатыңызға рақмет, сәттілік тілейміз!
P.S: Тұрар Жолдыбаев атындағы дзюдо мектебінде биыл жаңа жаттығу залы қолданысқа берілді. Маңғыстау облыстық дзюдо құрамасы МО дзюдо федерациясы мен спорт басқармасына алғыс білдіреді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер автордан