Елімізде пандемия басталғалы толық карантинге жабылған кинотеатрлар бүгін өз жұмысын қайта бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алайда тек эпидемиологиялық ахуал тұрақты аймақтарда ғана. Алматы, Атырау, Ақтау қалаларындағы кинотеатрлар алғашқы көрермендерін қабылдап та үлгерді. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің рұқсаты бойынша кәсіпкерлер infokazakhstan.kz порталына тіркеліп, барлық санитарлық талап қатаң сақталуы тиіс. Қанша талап қойылса да, ұзақ уақыт үзілістен кейін үлкен экрандағы киномен қауышқан көрермен де қуанышты.
Бірінші сеансқа келдік. Өте қуаныштымыз. Санитарлық нормалардың бәрі сақталды. Бәрі жақсы, киноны сағынып қалыппыз, - дейді көрермен Жұлдыз Сарманова.
Араға жеті ай салып өз жұмысын қайта бастаған кинотеатрларда 30 пайыз сыйымдылықпен жұмыс істеуге рұқсат. Мұнда келген көрерменнің арасында арақашықтық сақталып, маска режимін қатаң сақтауы тиіс және әр сеанстан кейін 30-40 минут дезинфекция жүргізіледі.
Келушілер әзірге көп емес. Уақыт өткен соң ретке келеді деп ойлаймын. Бағалары да бұрынғы қалпында . келушілердің денсаулығына қауіп жоқ, - дейді кинотеатр әкімшісі Светлана Ишимбекова.
Қазір көрермен назарына «Любовь на миллион», «Жаным, ты не поверишь», « Я – Пышка», «Отдай свою душу» және «Куриный побег» сынды 5 туынды ұсынылып отыр. Айта кетейік, кинотеатрлар жұмыс күндері түнгі 22.00-ге дейін, сенбі күні кешкі 17.00-ге дейін жұмыс істейді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ