Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының зерттеу жұмыстарын ескере отырып, коронавирустың екінші толқынына ел болып дайындалудамыз. Бұл - ауруды алыстан шақырғанымыз емес. Керісінше, сақтық шараларын күшейтіп, әлемдік індеттің алдын алудағы қам-қарекетіміз.
Бірнеше ай бұрын талайдың жанын қиып, жақынынан айырған кеселдің кесірі әлі есімізде. Пандемия кезінде кеткен кемшіліктерді түзеп, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында облыстық штабтың шешімімен жоспар жасақталды. Медициналық мекемелерді жөндеуден өткізіп, құрал-жабдықтарын жаңартып, дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Ақтау қаласында жаңа модульді аурухана салынуда. Әрине, бұның барлығы тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетіп, індетке барынша дайын болу үшін қолға алынған шаралар.
Соңғы мәліметтерге қарасақ Еуропа елдерінде коронавирустың таралуы қайта күшейді. Салқын түсіп, күн суытқан сайын бізде де ауруы асқынып, вирус жұқтырғандардың саны артуда. Облысымызда қазан айының басына дейін ауырғандар болмады. Алайда, бір апта бұрын алғашқы науқас тіркелсе, бүгінде олардың саны 17 адамға жетті. Сондықтан барынша сақтанып, әрбіріміз жауапкершілікті сезінуіміз керек. Мамандар айтқандай, адам көп шоғырланатын жерге бармау, қоғамдық орындарда міндетті түрде маска тағып жүру секілді талапты орындау өте маңызды.
Құрметті жерлестер, кеше ғана індеттің ілмегіне ілініп, қиналған күндерімізді естен шығармайық.
Құрметпен, Маңғыстау облысы әкімі С. Трұмов