МО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті хабарлады.
Бейнеу ауданында сервистік әкімдік ашылды. Жаңа форматта қызмет көрсететін сервистік әкімдік соңғы үлгідегі талаптарға сай жасақталған. Онда әкімдіктен алынатын мемлекеттік қызмет түрлерімен қоса, азаматтар арыз-шағым, өтініштерін қалдыра алады.
Кеңсе, «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істеп, халыққа қызмет ұсынады. Жобаның мақсаты – азаматтардың мәселесін жылдам шешілуін қамтамасыз етіп, жемқорлық деңгейін төмендету.
Айта кетейік, сервистік әкімдік ғимаратында өзіне – өзі қызмет көрсету бұрыштары жасалған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп-тұруы үшін жағдай қарастырылған.
«Сервистік әкімдікке келген азаматтарды қабылдап, көбіне тұрғындар қандай мәселемен келетінін зерделеп отырамыз. Бұл алаң халық үшін қызмет етеді» деді Бейнеу ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Гүлжан Бақытқызы.
Айта кетейік, бұл өңірдегі үшінші сервистік әкімдік. Бұған дейін, облыс әкімдігі және Ақтау қаласы әкімдігі жанынан ашылған болатын.