Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына және ЖРВИ маусымына дайындық аясында бірыңғай дистрибьютор тұмауға қарсы вакциналардың 2 миллионнан астам дозасын сатып алды. Биыл вакцинация екі аптаға ерте басталады, деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.
«СК-Фармация» ЖШС тұмауға қарсы вакцинаның 2 060 300 дозасын сатып алды. Бұл республика халқының 11%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аумақтық денсаулық сақтау басқармалары тұмауға қарсы вакцинаның 753 900 доза мөлшерінде қосымша көлеміне тапсырыс берді», - деді Б.Қожахметов.
Оның айтуынша, екпе жасауды ерте бастау эпидемиологиялық маусымда айналымда болатын тұмау вирусына иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Вакцинациядан кейін тұмауға қарсы иммунитет 6 айдан 12 айға дейін сақталады.
«Халықты маусымдық тұмауға қарсы вакцинациялауға дайындау мақсатында 5034 егу кабинеті ашылып, вакцинаторларды оқыту жүргізілуде. 1107 семинар өткізілді, 7282 дәрігер мен 14541 орта буын медицина қызметкері дайындалды», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.