Бұл туралы Жаңаөзен қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Салтанат Рублева мәлім етті.
“Халық арасында онлайн-қызметтердің танымалдығы артып, үйден шықпай-ақ құжаттарыңызды реттеп алуға болады. Бұл қызмет 2020 жылы өте ыңғайлы әрі еліміз әлемдік коронавирусқа қарсы күрес кезінде қабылдаған шектеу шаралары аясында өзекті болып отыр. Десе де халықтың көпшілігі дәстүрлі қызметті ең сенімді деп санайды да, онлайн қызметтің уақыт жағынан да, жұмсалатын күш жағынан да тиімді екенін біле бермейді. Дегенмен, тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді қиындықсыз алу мақсатында қалалық АХАТ бөлімінде 2020 жылы көрсетілген қызметтердің барлығы толықтай электрондық нұсқада қабылданды”, деді Салтанат Рублева.
Оның айтуынша, тууды тіркеу, некені тіркеу, қайталама мен анықтамалар, неке бұзуды тіркеу және тегі, атын, әкесінің атын өзгертулердің өтініштері қабылданады. Онлайн түрінде тууды тіркеу бойынша 2019 жылы – 208, некені тіркеу бойынша –332, қайталама мен анықтамалар бойынша – 7 өтініш түскен болса, ағымдағы жылы некені тіркеуге – 276, неке бұзу бойынша – 7, тууды тіркеу – 1640 және қайтыс болуды тіркеу бойынша 119, т.а.ә. тіркеу бойынша – 3, қайталама мен анықтамалар бойынша – 76 өтініш түскен.
«Сонымен қатар бүгінгі таңда қайтыс болуды тіркеу тұрғындар үшін бұрынғыдан да жеңілдетілді. Бұрын қайтыс болуды тіркеу үшін бірнеше мекемеге барып, бірнеше күн уақытын жұмсайтын болса, қазір қайтыс болғаны туралы медициналық куәліктің негізінде бір күнде тіркеу қолжетімді болып отыр», деді Салтанат Рублева.
Қызмет электронды түрде берілетін болғандықтан алдымен «Электрондық үкімет» порталымен әр азамат таныс болу қажет. Ғаламтор браузерлеріне «электрондық үкімет» деп терсе egov.kz порталы ашылады. Порталға тіркеліп алуымыз қажет. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) енгізу қажет. Тіркелген соң мемлекеттік қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар.
Тұрғындардың мемлекеттік қызмет алу мүмкіндіктері ыңғайландырылды. Қазіргі карантиндік шектеу шараларына орай онлайн қызмет алушылардың қатары едәуір өсті. Халық цифрландыру саясатын қабылдай бастады. Электронды порталды қолдана алмайтындар үшін ЭЦҚ алудан бастап, порталға тіркелу, қызмет алу секілді жұмыстар қадамдық жолмен түсіндірілді.
«Онлайн тіркеу жөнінде тұрғындарды электронды қызмет үлгілерімен таныстыру, оның артықшылықтары туралы мекеменің әлеуметтік желілердегі парақшаларында және «Жаңаөзен» қалалық газеті арқылы түсіндіру жұмыстарын жандандыру бойынша іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді» – деді ол.