Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай 20 шағынаудан тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақтаудағы 20 шағынауданда бүгінде 5 тұрғын үй бар. Оның 268 пәтері Жаңаөзен қаласының әлеуметтік аз қамтылған топтарына үлестірілген. Қоныстанғандарына әлі жыл өтпесе де тұрғындардың қала әкіміне айтары жоқ емес. Тұрғындар пәтерлерге газ желісін қосу, шағынаудандағы қауіпсіздікті бақылау, орталық қиылысқан жол бойындағы бағдаршамды іске қосу мен мектеп және балабақша мәселелерін көтерді. Пәтерлерге газ желісі мен үлкен орталық қиылыста орналасқан бағдаршам осы айдың соңына дейін қосылатыны айтылды.
Ал, қауіпсіздікті күшейту үшін жергілікті полиция басқармасына қала әкімінің атынан хат жолданбақ.
«Мектеп ғимараты үшін шағынауданда жер телімі белгіленген. Жобалау сметалық құжаттамасын жасақтау үшін бюджеттің нақтылауына ұсынылады. Ал, осы жылдың соңында 19 А шағынауданда 1200 орындық мектептің құрылыс монтаж жұмыстарын бастау жоспарлануда. Яғни 20 шағынаудан оқушылары осы аталған мектепке бара алады», деп жауап берді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Э.Машырықов.
Аталған мәселелердің орындалуы қала әкімінің жеке бақылауында болмақ.