Самал тұрғын үй массивінен Жаңа қоныс тұрғын үй массивіне дейін жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын жол құрылысы басталды. Бұл туралы Басқұдық ауылдық округінің әкімі Жамбыл Құрманов айтты.
«Болашақ тұрғын үй массивіндегі 1,3 шақырымды құрайтын айналма автомобиль жолының және «Ақтау-Маңғыстау», «Ақтау-Ақшұқыр» автомобиль жолына қосылатын 4,3 шақырымды автомобиль жолының құрылыс жұмыстары басталды. Аталған құрылыс жұмыстары келісімшартқа сәйкес аяқталатын болады», деді Басқұдық ауылдық округінің әкімі Жамбыл Құрманов.
Рахат тұрғын үй массивінде орналасқан «Мейрамгүл» дүкенінен бастап Ақтау қаласы, Шығыс-1 шағын ауданына дейін 2 шақырымды құрайтын және №9 орта мектептен «Ақтау-Жаңаөзен» бағытындағы автомобиль жолына дейін 3 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алуға ұсыныс енгізілді.
Ауылдық округ аумағына 15 дана бағана (столб) және 75 дана көше жарықшамдары орнатылды. «Ақтау-Маңғыстау» бағытындағы орталық жол бойына 74 дана лед жарықшамдары орнатылып, 74 дана безендіргіш жарықтары (гирлянды) орнатылды.