Бұл туралы mangystaumedia.kz МО денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Нұр-Сұлтан қалалық №2 ауруханасының лор бөлімшесінің меңгерушісі, балалар отоларингологы, жоғары санаттағы дәрігер Арман Әбілов жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізді. Шеберлік сабағы барысында 14 ота жасалған.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының оториноларингология бөлімінің меңгерушісі Қазбек Шукуровтың айтуынша, кез келген отаны жасау ерекшеліктері болады. Қосымша ортаңғы құлаққа протездеу операциялары бұрын тек Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы республикалық медициналық орталықтарға жасалса, бұдан былай жергілікті жерде де жасалады.
Нұр-Сұлтан қаласынан келген білікті маман өзінің тәжірибесімен бөлісті. Бұл Маңғыстау облыстық көбейінді балалар ауруханасының директоры Аманбек Жумировтың арнайы шақыртуымен жүзеге асты. Енді осындай қиын оталар бұдан былай өзімізде жасалады деп толыққанды айта аламыз. Яғни, кішкентай пациенттерімізге бұрынғыша республикалық орталықтарға бару қажеттілігі азаяды. Елордадан арнайы келген әріптесіміз, біздің дәрігерлерге соңғы халықаралық стандарттар бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ол осы ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін атап өтті, — дейді Қазбек Шукуров.
Күрделі ота жасауға келісім берген ата-ананың бірі Дидар Шоқарбаева. Баласына осымен екінші рет ота жасатты. Оған "холестеатома" деген диагноз қойылған. Бірінші ота осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық орталықта жасалған. Баланы томографияға түсірген соң тағы бір ота жасату қажет болған. Ол үшін порталға тіркелу арқылы тағы да Нұр-Сұлтан қаласына бару керек болған. Дәрігер Арман Әбілов барлық отаны сәтті аяқтаған.
Айта кетейік, ортаңғы құлақтың ауруы көп жағдайда қабынудың нәтижесінде пайда болады. Сондай-ақ, жас ерекшелігіне байланысты мұрын қуысындағы қабыну процесінің асқынуы қауіпті. Мұндай жағдай балалар арасында соңғы жылдары көп кездесіп отыр. Кейбір аурулар консервативті емделетін болса, кейде науқасқа міндетті түрде ота жасауға тура келеді. Ең бастысы баланы салқындатып алмау керек, иммунитетін күшейту маңызды, ал ауру белгілері пайда болса уақыт созбай дәрігерлікке көмекке жүгіну қажет.