Құрметті қала тұрғындары!
Сіздерді еліміздің ең маңызды мерекесі - Конституция күнімен құттықтаймын! Осыдан жиырма бес жыл бұрын, осы күні Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің Конституциясы бекітілді.
Осындай аз уақыт ішінде Қазақстанның Ата заңы өзінің заман талабына лайықты екенін дәлелдеді. Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік жаңғырту – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылуда және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағытталған. Осы бағытта біз әрдайым қызмет етуге дайынбыз. Конституциясының: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...», - деп басталуы тегіннен-тегін емес. Түпкі мақсатымыз - еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, Қазақтың ұлы болып өркендеуіне жол ашу.
Болашақ ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз бен сіз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
Қымбатты жерлестер!
Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе баршаңызға сәттілік тілеймін! Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін.
Құрметпен, Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбай