30 тамыз – Конституция күніне орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 20 тамыздағы Жарлығы бойынша Түпқараған ауданының бір топ азаматы«Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды.
Салтанатты жиын аудан әкімдігінің ғимаратында өтіп, марапатты аудан әкімі Айбек Қосуақов табыстады.
«Ауданымыз бойынша бұл марапатқа 13 адам ие болып, бүгін әр саладан өздеріңізбен кездесудеміз. Сіздердің барлықтарыңыздың да еліміз үшін, ауданымыздың дамуы үшін еткен еңбектеріңіз зор деп есептейміз. Қандай марапатқа да лайықты жансыздар. Мереке қарсаңында барлықтарыңызды құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін», - деген аудан әкімі марапат алушылардың елге еткен еңбегіне тоқталып өтті.
Айта кетейік, марапатталушылар қатарында білім беру, денсаулық сақтау салалары мен мемлекеттік қызметте көп жыл еңбек еткен ардагерлермен қоса журналистика саласының ардагері, 45 жылдық жұмыс өтілі бар әріптесіміз Айсағали Қадыр да бар. Тек облыстық емес, республикалық басылымдарда да жарық көрген мақалалары мен фотосуреттерінде өлкеміздің тарихи жерлері мен көрікті мекендерін танымал етіп жүрген ардагер журналист еңбегіне аудандық мәслихат хатшысы А.Досанова ерекше алғысын білдірді.
– Біріңіздің мәртебеңізді көтеріп, біріңізді түсіруге ешқандай құқымыз жоқ. Бұл марапатталушылардың барлығы да құрметке лайық. Бірі құрылыс саласында, енді бірі қайырымдылық шараларда, енді бірі білім беруде үлгілі болып жүрген азаматтар, - деген А.Досанова марапат иелерін мерекемен құттықтады.
26 жыл медицина саласында еңбек өтілі бар дәрігер - Гүлжан Дощаева да бүгін марапатталушылардың қатарында болды. Ол төтенше жағдай жарияланғанда карантиндік режимде провизорлық орталықта жұмыс жасаған.
– Орталыққа әр жастағы азаматтарымыз келіп түсті. Жаман вируспен ауырғандар көп болды, атынан қорқып , үрейге бой алдырған үлкендерімізді де көрдік. Провизорлық орталықта дәрігерлер өз міндеттерін аяқтан тік тұрып атқарды. Медициналық көмектен бөлек, психологиялық көмек көрсетуден де, ауыр жұмыстарды жасаудан да аянған жоқ. Тілегім- елімізде тыныштық болса екен. Бұл марапатты Түпқараған ауданының барлық дәрігерлеріне көрсетілген құрмет ретінде қабыл алдым, - деді өз сөзінде.
Клара Қансұлтанова