Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай облыс әкімі Серікбай Трұмов бір топ Ақтаулық отбасыға пәтер кілтін табыстады. 19 А шағынауданында салынған көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға берілді. Аймақ басшысы барша жиналған тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа пәтердің кілттерін тапсырды.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болып отырған барлық отбасының шаңырағы қуанышқа толсын. Алдағы уақытта да мұндай қуанышты сәт әлі де жалғасын табады. Мұның барлығы елімідегі әлеуметтік бастамалар мен реформалардың сәтті жүзеге асқандығының айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мемлекет басшысының әрдайым жіті назарында. Сондықтан елімізде әлеуметтік жаңғыру жолында ауқымды қадам жасалып келеді. Бес әлеуметтік бастама бағдарламасының алғашқы тармағында – «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» қажеттігіне баса назар аударылған. Жыл соңына дейін тағы бірнеше тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отырмыз», деді аймақ басшысы.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 9 қабатты қос үйдің құрылысы былтыр наурыз айында басталған. №12 тұрғын үйде 1 бөлмелі – 36 пәтер, 2 бөлмелі – 36 пәтер; №12/1 тұрғын үйде 1 бөлмелі – 36 пәтер, 2 бөлмелі – 36 пәтер бар. Бюджеттен бөлінген 1 млрд. 676 млн теңге осы мақсатқа жұмсалып, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріліп отыр.
Ақтауда биыл 7 айдың ішінде 297 мың шаршы метрді құрайтын 2915 пәтерлік 22 тұрғын үй тапсырылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі - 101,1%-ды құрады. Нәтижесінде өңір құрылыс қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен бірге үздік үштікке еніп отыр.