Жаңаөзен қалалық сотында У-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сотта анықталғандай, У. қасақана, пайдақорлық ниетпен, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену мақсатында Жаңаөзен қаласы «Шұғыла» шағынауданындағы үйде жәбірленуші К-ның сеніміне кіріп, оған «Кендірлі» демалыс орталығына 75000 теңгеге 3 дана жолдама алып беремін деп алдап, өзінің ондай жағдайға ықпал етіп, көмектесуге ешқандай мүмкіншілігінің жоқ екенін алдын ала біле тұра, 75000 теңге ақшасын алдап алып, оған материалдық залал келтірілген.
Жаңаөзен қалалық сотының қаулысымен У. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен айыптау туралы іс бойынша сотталушының жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты осы Кодекстің 68-бабының 1-бөлігінің негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатыла отырып, қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.