Бекі ауылында интернет желісі іске қосылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау аудандық әкімдігіне сілтеме жасап.
Жалпы құны 15 млн теңге болған интернет жүргізу жұмысын «Спецавтоматика» мекемесі жүргізген. Маңғыстау ауданы әкімі Тілек Көшмағанбетовтің айтуынша, тұрғын үйлерге интернет жүргізу жұмыстары бюджет есебінен тегін жүргізілген. Әр үйге интернет орнату үшін тұрғындардан төлем алынбайды. Сондай-ақ, осыған дейін аталған компания арқылы ауданның тағы бір ауылы Жармышқа да интернет қосылған.
Маңғыстау ауданында күре жолдың бойында болса да интернетсіз отырған бір ауылдың жайын көпшілік көп қозғады. Облыс әкімінің халықпен кездесулерінде үнемі қозғалатын мәселені аймақ басшысы С.Трұмов бірден қолға алып, мәселенің оң шешілуіне мұрындық болды. Бекі елді мекені 250-ден астам тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуға арнаған «250 плюс» бағдарламасына енді. Жыл соңына дейін Бекіге осы бағдарлама аясында «Tele2» операторының интернеті келеді деп күтіп отырмыз. Сондай-ақ, «Kcell», «Аctiv» операторларын әкелу үшін кәсіпкермен келісім-шарт жасалды. Ал, ауылдағы әр үйге «Wi-Fi» орнату үшін «Спецавтоматика» компаниясымен келісім-шартқа отырдық, жұмыстары аяқталды. Осы мәселенің шешілуіне облыс әкімі тікелей қатысты. Үнемі өз бақылауына алып, қаржысы уақытылы бөлінуіне дейін ықпал етті. Ол үшін аудан, ауыл тұрғындары атынан алғыс айтамын», - деді аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов.
Маңғыстау ауданы облыс бойынша елдімекен саны ең көп аудан. Бүгінде ауданға қарасты барлық ауылда интернет болғанымен, жылдамдығы аз ауылдар мен «Wi-Fi» орнатуды қажет ететін ауылдар бар. Сондықтан биыл ауылдардағы интернет жылдамдығын арттыру, әр үйге интернет орнату бағытында біршама қызмет қолға алынды. Атап айтсақ, бірер күн бұрын Отпан ауылдық округіне қарасты 15-бекет елді мекеніне «Транстелеком» мекемесі арқылы интернет қосылды. Бекеттегі 15 үй толықтай интернет желісіне қосылды. Ал, Тұщыбек ауылына интернет жүргізуге «Техцентр-мастер» ЖШС-мен келіссөздер жүріп, қаржы бөлінуін күтіп отыр. Қаржы бөлінген күні жұмыс басталатын болады. Сондай-ақ, Бозашының төрт ауылы-Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір ауылдарында «Beeline» операторының жылдамдығы 4G-ге көтерілді. Сондай-ақ, осы төрт ауылға талшықты оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Мердігер-«Ком-Сервис» ЖШС. Құны – 340,391 теңге.
Жармышқа «Beeline» арқылы 3G қолжетімді болса, Ұштағанға да «Activ» операторы арқылы 3G орнату жұмыстары алдағы уақытта басталады. Жыңғылды мен Шайыр және Тұщықұдық пен Онды ауылдарына «Транстелеком» мекемесінің талшықты кабелі тартылды. Шайырға «Beeline» операторы 4G орнату жұмыстарын бастауға дайын, құжаттары толық рәсімделді. Ал, Шайыр мен Жыңғылдыға талшықты байланыс жүйесін тартудың жобалық сметалық құжаты дайындалды. Боздақ елді мекеніне де «Транстелекомның» интернеті қосылып, үйлерге «Wi-Fi» орнатылды. Ал, Шетпенің интернетпен қамтылмаған шағын аудандарын интернетпен қамту үшін «Қазақтелеком» АҚ жұмыс ұйымдастыруда. Ал, тұрғындар тарапынан интернетке шұғыл сұраныс болған жағдайда «Спецавтоматика» компаниясы «Wi-Fi» орнатуға және интернетпен бірге радио толқынын қосып беруге дайын. Ол үшін тұрғындардан сұраныс болуы керек.
Сондай-ақ, Маната асуын мобильдік байланыспен қамту үшін антенналық-діңгек орнату жұмысы қыркүйек айында аяқталады. Жоба құны 63,064 млн теңгені құрап отыр.