Бүгін елімізде ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлау өтті. Маңғыстау облысынан "Қаражанбасмұнай" АҚ-ның бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашев 87 дауыспен ҚР Сенат депутаттығына сайланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстан 5 адам Сенат депутаттығына өз ұсынысын берген.
"Атап айтқанда, "Қаражанбасмұнай" АҚ-ның бірінші вице-президенті Сүйіндік Алдашевтан, "Азаматтарға арналған үкімет" МО бойынша филиалының директоры Ербол Байжігіттен, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Шолпан Илмұханбетовадан және "Ақтау теңізі порты" АЭА басқарма төрағасы Бекбол Орынбасаровтан, "Кардиология және ішкі аурулар" медицина орталығы ЖШС директоры Нұрлан Тілеповтен өтініш түскен болатын. Тапсырған құжаттардың заң талаптарына сәйкестігі тексеріліп, 3 адам ҚР Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелді. Алайда "Кардиология және ішкі аурулар" медицина орталығы ЖШС директоры Нұрлан Тілепов өз құжатын қайтарып, сайлауға түсуден бас тартты. Осылайша сайлау бюллетеніне қалған екі кандидаттың есімі енгізілді", - дейді Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов.
Сенат депутаттарын сайлау барысында барлық санитарлық талаптар сақталды.
Айта кетейік, ел бойынша 46 кандидат Сенат депутаттығына сайлауға түсті. Әр аймақтан 1 ғана кандидат Сенат депутаттығына сайланады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ