Ақтауда 12 тамыз Халықаралық Жастар және "Каспий" күні аясында «Таза өлке – таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті.
Эко-акция аясында «Ақтау – Форт-Шевченко» тас жолының «43 шақырымы» маңында тазалық жұмыстары жүргізіліп, 40-қа жуық қап қоқыс жиналды.
«Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры Манарбек Манепханұлының айтуынша, өңір тұрғындары мен қонақтарының сүйікті жеріне айналған бұл аймақтың тазалығы жөнінде өңір белсенділері мен БАҚ өкілдері өз алаңдаушылығын білдірген. Осылайша облыстағы еріктілер бірлесіп ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізді.
Дегенмен, аймақта тазалық жұмыстарына қажеттілік әлі де бар. Жастар бұл игі істі Халықаралық Жастар күні қарсаңында эстафета ретінде өңірдегі аудан және қала жастарына, жас мамандар кеңесінің, жастар ұйымдары мен қозғалыстарының өкілдеріне жолдады, делінген Ақтау қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.
Экологиялық акция облыстың түпкір-түпкірінде жалғасын таппақ.