Осы аптадан бастап коронавирустан амбулаторлық жағдайда емделушілерге дәрі-дәрмек емханалардан тегін беріле бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
COVID-19 анықталған науқастарға тіркелген мекен-жайы бойынша барлық емханаларда тегін дәрі-дәрмек беріледі. Денсаулық сақтау министрлігі індетті анықтаудың және емдеудің хаттамасына тегін таратылатын дәрінің 5 түрін енгізді. Олар: Парацетамол, Ибупрофен, антикоагулянттар, Ривароксабан, Апиксабан және Дабигатран.
«Өзін жайсыз сезінген немесе дене қызуы көтерілген адамдар дереу емханаға барып қаралуы тиіс. Егер мамандар коронавирусқа ұқсастығы бар белгілерге көз жеткізген жағдайда нұсқаулық береді. Тұтынуға қажетті препараттардың электронды тізімін жазады. Сәйкесінше, дәріханаға барып жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсетіп қажетті дәріні тегін аласыз. Егер қажет дәрі болмаған жағдайда «СҚ-Фармацияның» 1439 (қоңырау шалу тегін) байланыс орталығына хабарласу керек. Операторлар мәселені анықтап, қажет дәрі қолыңызға тигенше жәрдем жасалады», делінген хабарламада.
«Әрбір өңір өзінің қажеттілігіне қарай тапсырыс берді. Осы аптадан бастап ел тұрғындары емханалардан тегін дәріні ала алады. Дәрігерлердің препараттарды тағайындап жазып беруіне барлық мүмкіндік жасалған»,-деп мәлімдеді «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Айта кетерлігі, Апиксабан және Дабигатран дәрілерінің Қазақстанда баламасы жоқ. Бұған дейін бұл дәрілер стационарлық көмек үшін қолданылған және «СҚ-Фармацияның» қорында жеткілікті деңгейде сақтаулы тұр. Сонымен қатар, «Нобел» Алматы фармацевтикалық фабрикасы
Ривароксабан дәрісін тіркеді. Енді ол емханаларға Риварокс тауарлық атауымен жеткізіледі. Аталған препарат «СҚ-Фармацияның» қоймасына жеткізілді, қазіргі уақытта еліміздегі емханаларға жөнелтіліп жатыр.
«Отандық зауыт өндірісті іске қосты. Демек, ішкі нарықтың сұранысын толықтай орындауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, экономикалық тиімділігі де жоғары. Шетелдік дәрілерге қарағанда 40 пайыз арзан», - деді Ерхат Есқалиев.
Сонымен қатар, Ерхат Есқалиев қазіргі уақытта Парацетамол дәрісін сатып алудың рәсімі жүріп жатқанын жеткізді. Сатып алу аяқталғанша оның орнын Ибупрофен препараты алмастырады.