Ақтаудағы шағынаудан мәселелерімен танысу үшін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай үй алдына келеді. Сонымен бірге қасына сол мәселеге жауапты қызметкерін қоса ала келеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Сіз тек шағынауданға қатысты өзекті мәселелеріңізді тізбектеп дайын отырсаңыз болды. Ешқандай хатсыз, ешқандай әкімдіктің есігіне келмей-ақ, Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға өзіңіздің көкейде жүрген сауалдарыңызды тікелей қоя аласыз", делінген хабарламада.
Бүгінге дейін қала басшысы дәл осы форматта Ақтаудағы 7, 27, 28А, Шығыс-3 және 5 шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, мәселесін тыңдады. Тыңдап қана қоймай, мәселенің шешімін шешу үшін тиісті мамандарға тапсырмасын берді. Орындалысы басшының жеке бақылауында.
Айта кетейік, кеше Н. Қилыбай 26 шағынаудан тұрғындарын толғандырған мәселені тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді.