Маңғыстауда алғашқы провизорлық аурухана наурыз айында ашылған және 100 төсекке есептелген болатын. Бүгінде пневмониямен ауыратын тұрғындардың азаюына байланысты аурухана жабылды. Аурухананың 100 орынға арналғанына қарамастан, ашылғаннан кейін алғашқы күндері мұнда 50-250 науқас емделді. Соңғы үш науқас осы дүйсенбі күні шығарылды. Бұл туралы провизорлық аурухананың жетекшісі Кәмшат Тұрсынбекова айтты.
Кәмшат Жарқынбекқызы еліміздің өңірлерінде провизорлық және жұқпалы аурулар ауруханалары жабылып, төсек орындары қысқарып жатқанына қуанышты. Басқа ауруханаларда емін жалғастырып жатқандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Әріптестеріне шыдамдылық пен денсаулық тіледі.
Айта кетейік, облыста бірнеше ауруханада Маңғыстау облыстық ауруханасы (150 төсектік), Жаңаөзен қалалық ауруханасы (100 төсектік), Бейнеу ауруханасы (30 төсектік), Түпқараған аудандық ауруханасы (25 төсек-орын), Маңғыстау аудандық ауруханасы (50 төсек-орын) төсек орын саны қысқартылған болатын, делінген МО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі коронавирусқа қатысты жағдайдың тұрақтанғанын және 3 тамыздан бастап карантиннің әлсіреуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.