Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚМДБ-ның «Өмірге үміт сыйла» акциясы аясында Маңғыстау облыстық ауруханасына «ВМЗ - пациенттің мониторы» аппараты сыйға тартылды. Науқастың денсаулығын тексеруге арналған құрылғының құны – 1 млн 500 мың теңге. Қымбат құрылғыны «Зекет» корпоративтік қорының Маңғыстау өкілдігі жиналған қаражатқа алып берді.
"Елдегі індеттің өршуіне байланысты ауруханаларда кейбір құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі байқалғаны рас. Дәрігерлер қазіргі кезде осы аппараттың аса қажеттігін айтқан болатын. Бүгін Ресейден жеткен оңтүстік кореялық медициналық құрал облыстық ауруханаға тапсырылды", Маңғыстау облыстық орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов.
Мешіт қызметкерлері мұндай игі шаралардың алдағы уақытта жалғасын табатынын айтуда. Өйткені, өмірге үміт сыйлау - ең ізгі амалдардың бірі.