Полиция қызметкерлері қарақұйрық пен қару тасымалдаған браконьерлерді ұстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Түйесу жерінде жедел алдын алу шаралары кезінде Қарақия полиция бөлімінің қызметкерлері Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығының қызметкерлері «Охотзоопром» аймақтық басқармасы, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының өкілдерімен бірлесіп Mitsubishi Pajero маркалы көлігін тоқтатты.
Автокөлікті тексеру барысында ешқандай құжаттары болмаған және ішінен қарақұйрыққа ұқсас жануардың үш денесі, 12 калибрлі бірұңғылы аңшылық қару, оған қоса 9 оқ және аңшылық пышақ табылған. Оған қоса қарудың ешқандай құжаты болмаған.
Күдіктілердің бірінің үйін қарау барысында қарақұйрыққа ұқсас, бөлшектелген бір жануардың денесі, 16 калибрлі бірұңғылы мылтық, оған қоса 4 оқ табылды.
Қарақұйрық мемлекеттің қорғауындағы жануар және Қызыл кітапқа енгізілгені мәлім.
Тұлғаларға қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.