Ақтау қаласы әкімдігі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкері және жергілікті полиция өкілімен бірлескен 4 топ қаладағы 25 нысанға кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бас санитарлық дәрігердің 2020 жылдың 4 шілде күні қабылдаған Қаулысына сәйкес, кафелер мен мейрамханаларға тек тұтынушыға жеткізу әдісімен, ал көлік жуу сағат 17.00-ге дейін ғана қызмет етуге болады делінген болатын. Алайда, ережені ескермей қызмет көрсетіп тұрған 9 нысан анықталып, иелерінен түсініктеме алынып, акт толтырылды.
Атап айтсақ, 23 шағынауданда орналасқан кәуапхана орнында (вагонщик) тұтынушылар бар екені анықталды. Тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Түсініктеме алынып, тиісті шаралар қабылданады.
Ал, 24 шағынауданда орналасқан "Loto” букмекерлік кеңсесінде адам лық толы. Келушілер үйлеріне асығар емес. Әкімшілік қызметкері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Учаскелік полиция қызметкерлерін шақырғаннан кейін ғана жазбаша түрде түсініктеме алынды. Тиісті акт толтырылды.
Сондай-ақ, 32 Б шағынаудандағы “HFly chicken” 23 шағынаудандағы “Вагончик” , 11 шағынаудандағы “Кофе ривера” кафелері мен Сәтті” букмекерлік кеңсесінің тыйым салынғанына қарамастан және “Романтик” гүл дүкені мен 32 В шағынаудандағы көлік жуу қызметтерінің шектеулі уақыттан кейін жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды.
Аталған нысан иелеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ.