Аймақта қоқыс төгетін 8 полигон бар. Алайда жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандар мен теңіз жағалауында қоқыстар көп. Бұл көріністер қоршаған ортаға, әсіресе адам денсаулығына зиян келтіруде. Аймақта санитарлық-тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізілгенімен, оң нәтиже байқалмайды. Бұл туралы теңіз жағалауында жүргізілген рейдтің алғашқы күнгі қорытындысы бойынша Ақтау қаласының әкімдігінде өткен брифингте айтылды.
Қазіргі уақытта рейдтік шаралар кезінде кінәлі тұлғалар анықталуда. Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкеновтың айтуынша, «Ғарыш сапары» АҚ-ның ақпараты бойынша бүгінде өңірде 148 стихиялық қоқыс төгетін орын пайда болған, оның ішінде Ақтау қаласында - 84, ал Мұнайлы ауданында – 48 және Түпқараған ауданында - 16 қоқыс төгетін орын бар. Жергілікті атқарушы органдар иесіз қалдық үйінділерін жоюды 10 тамызға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Жыл басынан бері тазалық сақтамаған тұлғаларға қатысты 450 әкімшілік материал толтырылған. Көбіне құрылыс нысандарында заң бұзушылықтар жиі орын алған. Атап айтқанда Ақтау қаласындағы 16, 17, 18, 19, 20 ш/а құрылыс нысандары бой көтеруде және әр жерге қоқыстарды шашып кету деректері кездескен. Мамандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505 бабымен заңды немесе жеке тұлғаларға жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
«Бұдан былай біздің департамент мамандары мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде әкімдіктермен, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемелерімен, үкіметтік емес ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп, адамдардың теңіздегі демалыс орындарында рейдтік шаралар жүргізетін болады. Оның мақсаты - адамдарды экологиялық білімін жоғарылату, табиғатқа ұқыпты қарап, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, жер планетасындағы жалғыз және қайталанбас Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін сақтау», - дейді өңірдің бас экологы Руслан Төкенов.
Ал, Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков болса, уәкілетті органдар заң аясында әрекет ететінін және мәселе тек айыппұл салумен шешілмейді деген пікірде. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу маңызды екенін айтады.
«Біздің мақсатымыз барлығын жазаға тарту емес, керісінше қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру. Мәселен, теңіз жағалауында көбіне жастар жүреді, олардың тарапынан заңсыз әрекеттер болса анықтау қиын емес. Себебі теңіз жағалауында бірнеше жерде бейнекамералалар орнатылған, жаяу патруль кезекшілікке шығады және кінәлі тұлғаларға тиісті жазаларын алуда. Бұл ретте ата-аналар тарапынан тәрбиеге көбірек көңіл бөлінсе дейміз. Жасыратыны жоқ, арасында ересек адамдардың да тәртіпке бағынғысы келмейтіндерін көріп жүрміз. Біреу біліп жасаса, енді білместікпен жасауы мүмкін. Бірақ, өз үйін қалай таза ұстаса, қоршаған ортаға да дәл сондай жауапкершілікпен қарасе деген тілегіміз бар», - дейді ол.
Сондай-ақ, брифинг кезінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман және қалалық жергілікті полиция басқармасы учаскелік инспекторлар бөлімшесінің бастығы Еркін Елеусізов экологиялық заңнамаларды өрескел бұзу фактілерінің алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, уәкілетті органдардың өкілдері облыс және қала тұрғындарын республикалық Call орталығының + 7 (775) 952-49-00 нөміріне немесе облыстық экология департаментіне ҚР Экологиялық заңнамасын бұзу фактілері бойынша хабарласуға шақырады. Заңды бұзған тұлғаларды анықтау үшін азаматтардың өтініштеріне бұзушылықтарды, орын мен уақытын, сондай-ақ қалдықтарды шығарып жүрген автокөліктің мемлекеттік нөмірлері фото және бейне түрінде қоса берілсе, жазадан құтылмайтыны анық.