Облыстық штабтың тапсырмасы бойынша қоғамдық орындарға күнделікті рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Полиция өкілдері, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті, облыстық мәслихат депутаттарынан құралған мониторингтік топ мейрамхана, кафе мен моншаларды тексерді. Өңірде күшейтілген шектеу шараларына қарамастан 17 шағын-аудандағы "Hunter kitchen" рестобары жасырын түрде қызмет көрсеткендігі анықталды, делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Рейд кезінде рестобар қонақтары мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары сағат 10:00 мен 21:00ге дейін қатаң түрде «жеткізу қызметі» арқылы жұмыс істеуге құқылы.
Айта кетейік, рейдтік жұмыстар күн сайын өткізіледі. Кәсіпкерлер тарапынан тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда заң жүзінде қатаң шаралар қолданылатын болады.