Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
14 шілде күні Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мен қоғам өкілдерінен құралған жедел жұмыс тобы Катар және ҚХР-нан гуманитарлық көмек ретінде келген медициналық қорғаныш құралдарының (Маңғыстау денсаулық сақтау басқармасы қоймасына түскен) таралуын бақылауға алған болатын.
Аталған гуманитарлық көмек (Катар мемлекетінен келген) белгіленген бөлініспен өңірдегі 23 мемлекеттік аурухана мен емханаларға берілу барысына бақылау жұмыстарын жүргізді.
Бақылау жұмыстарына Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Д.Үсіпбаев пен Арнайы мониторингтік топ жетекшісі Р.Өтесбаева және А.Өрісбаев, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысып, медициналық қажетті құралдардың жекеменшік ауруханалар мен дәріханаларға заңсыз сатылымға шығуын болдырмау мақсатында барлық кораптарға «ТЕГІН» деп көрсетілген арнайы мөрлер соғылды.
Маңғыстау өңіріне гуманитарлық көмек ретінде ҚХР 6 түрлі атаудағы, Катар елінен 16 түрлі атаулы медициналық қорғаныш құралдары келді. Оның ішінде медициналық қорғаныш киімдері, хирургиялық қолғаптары, байланыссыз инфрақызыл термометрі, медициналық бетперделер, хирургиялық бетперделер, медициналық қорғаныш көзілдіріктері, арнайы қорғаныс костюмдері бар.
Сонымен қатар, Департамент жанынан құрылған жұмыс тобы гуманитарлық көмектен бөлек, дәріханалардағы дәрі-дәрмек құнының шектік бағадан жоғары мен дәрілік заттардың жетіспеушілігі, сондай-ақ заңсыз сатылымға шығу деректері бойынша бақылау жұмыстарын жүргізіп, нақты шараларды жүзеге асыратын болады.