Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласындағы бірқатар мемлекеттік және жекеменшік емханаларды аралап, ақ халаттылармен кездесті. Мылтықсыз майданда жүрген дәрігерлермен тілдесіп, індетпен күрестегі еңбектеріне алғысын айтты.
Кездесу кезінде аймақ басшысы тұрғындар арасында ауруды асқындырмай, оның алдын алу үшін емханалардағы дәрігерлерге артылған жауапкершілік мол екенін айтты. Провизорлық стационарға келмей үйде ем алатын науқастарды үнемі бақылауда ұстау қажет. Сондықтан емханалардағы әрбір учаскелік дәрігерлер тұрғындар арасында тұрақты түсініктеме жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, дәрігерлік кеңесті күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы күресті күшейту үшін әрбір емхана ұжымы тиісті алгоритм әзірлеп, кешенді жоспар жасақтауды ұсынды. Өңір басшысы барлық емхана ұжымына әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетіп, жан-жақты қолдауға әзір екенін жеткізді.