Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен онлайн-брифингте Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов айтты.
Оның айтуынша, жаңа оқу ордаларының ашылуы аудандағы үш ауысыммен білім алып жүрген оқушылардың мәселесін шешуге мұрындық болады.
«Жаңа оқу жылында Батыр ауылдық округінде 960 орындық орта мектеп ашылады. Осылайша, жаңа оқу ордасы 2000 оқушыны қабылдайды. Сондай-ақ, 150 мұғалім мен 30 кіші қызметкер жұмысқа қабылданады. Мердігер компания «Алянс LTD». Жаңа мектептің ашылуы Батыр ауылдық округіндегі №10 орта мектепте 3 ауысыммен оқып жатқан балалардың мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деді ол.
Бұдан бөлек, Атамекен ауылдық округінде жекеменшік мектеп іске қосылады деп жоспарланған. Жаңа оқу ордасында 1100 оқушы білім алады. 70 мұғалім мен 15 кіші қызметкер жұмысқа қабылданады.
«Қазіргі таңда жаңадан ашылатын мектептерге лицензия алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл ауданға қарасты 13 мектептің жөндеу жұмыстарына 42,65 млн теңге бөлінген. Бүгінге дейін 2 мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, қалған 10 нысандағы жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Мұнайлы ауданында жаңа оқу жылында 4 218 оқушы бірінші сыныпқа қабылданады деп жоспарланып отыр.