Ақтау қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімі, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерімен бірлескен топ қаладағы сауда нысандарына кезекті мониторинг жүргізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Басты мақсат - бас санитарлық дәрігерінің 4 шілде күні қабылдаған Қаулысына сәйкес санитарлық нормалардың қатаң сақталуын бақылау. Мониторинг нәтижесінде азық-түлік орнында тұтынушылардың ыстығын өлшеу құралдарының жоқтығы, сонымен қатар, 11 шағынауданда карантин режимін өрескел бұзып, қызмет көрсетіп тұрған балалар сауда орталығы анықталды.
Карантин ережелерін бұзған нысан иелерінен түсініктеме алынып, тиісті акт толтырылды. Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ.