Автокөліктерде өрттердің көбеюіне байланысты және автокөліктердегі өрттердің алдын-алу мақсатында Мұнайлы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметімен бірлескен «Қауіпсіз автокөлік» акциясын өткізді.
Акция барысында ауданның ТЖБ инженерлік құрамы жүргізушілер арасында үгіт-насихат парақтарын, жадынамалар таратып, автокөліктердегі өрт қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мұнайлы ауданында 2020 жылдың 6 айында 14 өрт оқиғасы тіркелген (2019 жылы - 20). Оның ішінде – 2 өрт оқиғасы автокөліктерде тіркеліп отыр (2019 жылы - 8). Өрттің негізгі шығу себептеріне келетін болсақ, автокөліктің электр жабдықтары қондырғыларын құру, пайдалану талаптарының бұзылуынан электр желілерінің қысқаша тұйықталу жағдайлары әсер етуінен және автокөліктегі газ қондырғысын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдары болып отыр.
Мамандардың айтуынша, оқшаулаудың күйіне және тоқ байланыстардың сапасына назар аудару қажет. Электр жүйесіндегі барлық өзгертулер мен толықтырулар мұқият тексеріліп, білікті мамандардың көмегімен жасалғаны жөн. Автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі өз қолдарында екенін ескерткен ТЖБ жауапты қызметкерлері өрт қауіпсіздік ережесі талаптарының сақталуы керек екенін айтты. Ал өрт болған жағдайда 101 немесе 112 телефондары арқылы өрт сөндіру бөліміне хабарлау қажеттілігі тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА